TR  |  EN  |  RU
turkey turkey   azerbaijan kazakhstan kyrgyzstan turkmenistan uzbekistan kktc qha TAT BAŞQ
Ana Sayfa
Birlik Hakkında
Üye Haber Ajansları
Bildiri
Başkanın Mesajı
Tüzük
Haberler



Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Мехмет Чичек: Қазақстанның Елордасы – Астана біздің де мақтанышымыз
АСТАНА. Мамырдың 23-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мамырдың 21-і күні Парламентте өткен «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда және еліміздің бірқатар лауазым иелерімен өткізген кездесулерде Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты, «Түркия-Қазақстан» ынтымақтастық жөніндегі тобының жетекшісі Мехмет Чичек
мырза Қазақстан жайлы ақжарқын пейілін білдірді.
Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы сенімді пікірін алға тартты. «Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түркия туралы ой толғағанда ол екеуін екі мемлекет, бір халық деген болатын. Осы сөзі әлі есімізде. Біз халықаралық байланыстың сыртында, өте жақын халықпыз»,- деді түркиялық мейман. ҚазАқпарат Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Мехмет Чичек мырзаның еліміз туралы айтқан ойын толық нұсқасында оқырмандар назарына ұсынып отыр.
– Қазақстан Парламентінің шақыруымен Астанаға келіп, осындай алқалы жиында сөз сөйлеудің мен үшін үлкен қуаныш және мәртебе екенін білдіргім келеді. Осы орайда, бүгінгі шараның өткізілуінде еңбек еткен барша қызметкерлерді шын көңіліммен құттықтап, осындай көлемді шаралардың дос және бауырлас Қазақстанның халықаралық мәртебесінің одан әрі көтерілуіне үлес қосып, қазіргі Қазақстанның Еуропаға жолын ашатынына шын жүректен сенетінімді айтып өткім келеді.
Қазақ деген атау азат, тәуелсіз, батыр, каһарман және өжет мағыналарын білдіреді. 1991 жылы тәуелсіздігін алған Қазақстан атына сәйкес жүргізіп отырған тәуелсіз, салмақты және батыл саясатымен әуелі халықтың әл-ауқатына мән бере отырып, барлық салада үлкен ұмтылыстар жасады. Қазақстанның жетістіктері мен осы бағытта жасаған батыл қадамдарын біз де барлық халықаралық қоғаммен бірге мақтанышпен қадағалап отырамыз.
Қазақстан 2000 жылдан бері ел дәулетін жыл сайын орташа 10 пайызға арттыра білді. Егемендігін алған соң жүзеге асырған экономикалық реформалары кезінде алған жемісті нәтижелерінің арқасында едәуір шетелдік инвестицияны өзіне тарта білді. Орталық Азияның жетекшісі елдерінің қатарына енген Қазақстанның өзіне деген сенімділігі артты, саяси ерік пен ұлттық ресурстарды халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жұмсай білді. Соның нәтижесінде өзге елдер тарапынан лайықты оң бағаға ие болды.
Халықаралық Қаржы қоры тарапынан нарықтық экономикасы бар елдер қатарынан орын тепкен Қазақстанның осы аймаққа құйылған инвестицияның 75 пайызына ие болуы елдің әлеуетін көрсетеді. Әлемде жалғасып жатқан экономикалық дағдарыс, әрине, Қазақстанға да әсерін тигізді. Алайда, мен Қазақстанның бұл кезеңді жеңіп шығатынына және қайтадан жедел даму жолына түсетініне сенімдімін.
Қазақстан экономикалық саясаттағы көреген қадамдары арқылы белсенді және бір қалыпты сыртқы саясатымен аймақтағы басымдылығын көрсетті. 2008-2009 жылдары Азиядағы ынтымақтастық диалогына жетекшілік жасап, ал 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететін және басқа да халықаралық ұйымдарда үлкен беделге ие болған Қазақстан халықаралық геополитикалық күштер тарапынан да мойындалуда.
Қазақстанның алдымыздағы он жыл ішіндегі жаңа даму стратегиясы белгіленген және осы бағытта бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды мақсат ететін «Қазақстан 2030» стратегиясы шеңберінде қабылданған «Еуропаға жол» бағдарламасы қабылданған. Бұл Қазақстанның Еуропамен қарым-қатынасының ең жоғарғы деңгейге шығуына, экономикалық, саяси, мәдени салаларда және демократиялық жүзеге асыруларда Еуропаның бір бөлігі болуын көздейді. Және де Қазақстанның өтіп отырған жолы басқа елдер үшін де үлгі болары анық.
Қазақстанның Еуропаға жақындай түсуіне ықпал ететін «Еуропаға жол» бағдарламасына қолдау көрсетілуі қажет екені туралы бәріміз де пікір Түркия бұл бағыттағы талпыныстарды шүбәсіз қолдайды. Қазақстанның Анкарадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, қадірлі досым Бағдат Әміреев айтқандай, географиялық жағынан жерінің бестен бірі Еуропа құрлығында орналасқан Қазақстанның Еуропаға жолы, күмәнсіз Түркиядан өтеді.
Негізінде екі елдің қарым-қатынасының алған бағыты мен қазіргі кездегі деңгейіне қарағанда осыны ұғу қиын емес. Қазақстан – Түркияның Орталық Азиядағы ең үлкен серіктесі. Қазақстан мен Түркияның Елбасыларының арасындағы достық байланыс халықаралық қауым үшін үлгі болуда.
2008 жылдың қорытындысында екі елдің сауда айналымының 3,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде болуы біз үшін қанағаттанарлық емес. Бұл көрсеткішті тағы да арттыра түсу біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі екені анық. Түрік компанияларының Қазақстанда алған мердігерлік міндеттерінің 8,8 миллиард долларға жетуі екі ел үшін де қанағаттанарлық жағдай. Қазақстандағы түрік инвестициясының мұнайдан басқа шетелдік инвестициялар арасында бірінші орында тұруы үлкен мақтаныш. Телекоммуникация, банк және қаржы жүйесі, құрылыс, басылым, білім, транспорттау, көлік, өндіріс өнеркәсібі, мұнай және қызмет секторы сынды салаларда жұмыс жүргізіп жатқан түрік кәсіпкерлерінің бұдан да үлкен жобаларды міндеттеріне алуға деген табандылықтары бізді одан әрі үміттендіріп, келешекке сенімді қарауымызға ықпал етеді. Энергетика және транспорттау салаларында өзге де жобалардың жүзеге асырылуы осы жарасымды ынтымақтастығымызды одан әрі дамытады. Осы орайда 2008 жылғы қарашадан бері қазақ шикі мұнайының «Баку-Тибилиси-Жейһан» мұнай тасымалдау құбыры арқылы Жерорта теңізіне жетуінің маңызын айта кеткенім жөн.
кі ел арасында халықаралық ұйымдардың шатыры астында өте жемісті де жарасымды ынтымақтастық жалғасуда. Түркияның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігіне қабылдануы, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы сынды табыстарда елдеріміздің бір-бірлеріне жасаған қолдауларының да маңызы зор. Өзара жәрдемдесудің Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына үміткерлігінде де жалғасатыны сөзсіз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨІСШК) кезең төрағалығының құрметті Президенттің ұсынысы бойынша екі жылға (2010-2012) Түркияға берілуі болса, бұл да сыртқы саясаттағы келісім мен үйлесімнің тағы бір үлгісі болып табылады. Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде және осы саммитке қатысты құрылымдарда құрметті Президент Н. Назарбаевтың жасаған мықты қолдауын да ерекше атап өтер едім.
Бұлардан басқа, әскери, білім және мәдени салалардағы тығыз байланыс пен ынтымақтастық күн өткен сайын артуда. Қарым-қатынастарымызды нығайту үшін бірге жүргізіп жатқан жұмыстарымыз келешекке үмітпен қарауымызды қамтамасыз етуде.
1999 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына және Мәскеуде өткен «Мегаполис: ХХІ ғасыр» атты халықаралық форумда көптеген жүлдеге ие болған Қазақстанның Елордасы – Астана біздің де мақтанышымыз. Мұнда бірқатар түрік компаниялары екі елге де тиімді әрі жемісті қызмет етуде.
Қазіргі таңда халықаралық қауымның сыйлы мүшесіне айналған Қазақстанның және барша түркі тілділердің рухани атасы, ақсақалы болып есептелетін Қожа Ахмет Ясауидің адамдарды сабырлы және ақылды болуға шақырған үндеуін берік ұстанулары нәтижесінде барлық қиыншылықтарды жеңетіндеріне, көздеген мақсаттарына жететіндеріне және оларды жарқын болашақ күтіп тұрғанына сендіргім келеді.
Қазақстанда жүзеге асып жатқан ізгі іс-шаралар өзге елдер үшін жемісті тәжірибе болатынына тілектестігімді білдіремін, - деді Мехмет Чичек мырза.
 
  TKA 2008