TR  |  EN  |  RU
turkey turkey   azerbaijan kazakhstan kyrgyzstan turkmenistan uzbekistan kktc qha TAT BAŞQ
Ana Sayfa
Birlik Hakkında
Üye Haber Ajansları
Bildiri
Başkanın Mesajı
Tüzük
Haberler



Kazakistan
Елімізде IV халықаралық жас пианистер конкурсы өтеді

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 1-і. ҚазАқпарат  -Желтоқсанның 1-8 аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұйымдастыруымен әлемнің үздік музыкалық оқу орындарының студенттері мен түлектері арасында IV халықаралық жас пианистер конкурсы өтеді.
Бұл туралы бүгін конкурстың ұйымдастырушылары Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2000 жылдан бері өтіп келе жатқан конкурс биыл жаңа бағытта болмақ.

«Биылғы байқау қатардағы шара емес, ерекше конкурс болып, музыка сайысына деген көзқарасты өзгертетін шара болады. Біздің конкурс бұл дәстүрді жандандырып, инновациялық музыкалық шара ретінде көрініс табады», дейді конкурс идеясының авторы және көркемдік жетекшісі, ҚР халық әртісі Жәния Әубәкірова. Оның айтуынша, биыл конкурсқа төрешілер ретінде АҚШ-тан Стефан Ганзенхаузер, Мәскеу консерваториясының профессорлары Елена Кузнецова, Павел Нарсесьян, Вена симфониялық оркестрінен Михаэль Дитрих сынды бірқатар әлемге әйгілі өнер тарландары келмек.
Конкурсқа Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Австрия, Украина, Армения, Швеция, Кореяның жас өнерпаздары қатыспақ. Шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен өтеді. Конкурс қорытындысы 8 желтоқсанда Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында шығарылып, лауреаттар мен конкурс қонақтарының концерті өтеді.

 
Дөңгелек үстел басындағы әңгіме арқауы Қазақстан мен Әзірбайжан қатынастары жайлы болды

АЛМАТЫ. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат  - Бүгін Алматыдағы ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер инситутында (ҚСЗИ) «Қазақстан және Әзірбайжан: ынтымақтастық пен өзара әрекеттестіктің болашағы» тақырыбында дөңгелек үстөл мәжілісі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ, Әзірбайжан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы, Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің қоры бірлесіп ұйымдастырған бұл басқосуда аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда, энергетика, Каспий аймағындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, қазақ-әзірбайжан қатынастарының басқа да қиындықтары мен басымдықтарына қатысты мәселелер талқыға түсті.

Жиында сондай-ақ Қазақстан мен Әзірбайжан арасында ежелден достық, серіктестік қатынас орнағаны, екі ел ортақ экономикалық, қорғаныс, гуманитарлық, ақпараттық кеңістікті сақтай отырып, бір-бірінің қауіпсіздігінің, тұрақтылығының нығаюы мен гүлденуіне тең дәрежеде мүдделі екендігі айтылды.

«Қазақстан мен Әзірбайжан арасын Каспий теңізінің алып қайраңы бөліп жатыр. Бірақ көзқарасы мен мақсаты бір елді ешқандай шекара бөле алмайды», деді жиында сөз алған Әзірбайжан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зертеулер орталығының директоры Элхан Нуриев.

 
Өнері өрге басқан елдің әрдайым мерейі үстем болады –Д. Қасейінов, ТҮРКСОЙ-дың бас директоры

АЛМАТЫ. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат - Қазір түркі елдерінің өнері мен мәдениетінде қайта жаңғыру үдерісі жүріп жатыр. Ғалымдар әлемдік өркениеттің дамуына түркілердің қосқан үлесі әлі толық зерттелген жоқ дегенді айтуда. Соған орай біз Халықаралық түрік мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту ұйымының (ТҮРКСОЙ) бас директоры Дүйсен Қасейіновті әңгімеге тартқан едік.

- Дүйсен Қорабайұлы, әңгімемізді Түркі елдерінің ЮНЕСКО-сы атанған ТҮРКСОЙ туралы қысқаша мағлұмат беруден бастасаңыз.

- Мен ТҮРКСОЙ-ға мәдениет вице-министрі, комитет төрағасы боған кезімде-ақ атсалысқам. Неге десеңіз, бұл ұйымда Түркітілдес елдердің мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесі деген бар. Олар жыл сайын екі рет жиналып, өз мәжілістерін өткізеді. Биыл алғашқы отырысымыз мамыр айында өтіп, онда мені осы қызметке сайлаған болатын. Сол жиында біз екінші басқосуды 25-26 қазанда Бішкекте өткізуге келістік. Сонда

«адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовқа ТҮРКСОЙ-дың Түркі елдерінің мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін сыйлығын береміз деп жоспарлаған едік. Алайда бұл күнді Ш. Айтматов көре алмай кетті.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ТҮРКСОЙ-дың қызметі жанданды деп айтуға болады. Неге дейсің ғой? Бейжіңде ХХІХ жазғы Олимпиада ойындары ашылатын күні Алматыға келіп, ТҮРКСОЙ-Қазақстан деген қоғамдық қор аштық. Ол ТҮРКСОЙ-ды қолдау мақсатында құрылып отыр.

Қазақстан ТҮРКСОЙ ұйымның белсенді қатысушыларының бірі. Түркітілдес халықтар арасында рухани қарым-қатынасты жаңғырту мақсатында оны Алматыда 1993 жылы шілденің 12-сінде Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан мен Түркия республикалары құрған болатын. Оған бақылаушы ретінде Ресей Федерациясының субьектілері саналатын Алтай, Башқұртстан, Татарстан, Тува, Хакас, Якутия және Молдовадағы гагауздар мен Солтүстік Кипр тіркеліп отыр. Ұйымда бұдан басқа ноғайлар, балкарлар және тағы басқа да түркі халықтары бар.

-Ал енді өткен 15 жыл ішінде ТҮРКСОЙ аясында қандай жобалар жүзеге асырылды, алға қандай жоспар құрып отырсыздар?

- ТҮРКСОЙ-да жоба өте көп. Мысалы, Түркияда көп жылдан бері түркітілдес елдердің фотогрофтары мен жас суретшілері жиналып, бір ай бойы тәжірибе алмасады. Олардың ТҮРКСОЙ-ға сыйлаған шығармаларынан кейін арнайы альбомдар жасалып, жер-жерге таратылады. Сондай-ақ басқа түркі мемлекеттерінде көрмелер өткізіледі.

Биыл бес жылдық үзілістен кейін ТҮРКСОЙ-дың опера күндерін қайта жалғастырдық. 100 жыл бұрын түрік әлемінде ең бірінші рет Узир Қажыбеков деген кісі опера жазып, оның қойылымы Бакуде өткен болатын. Осы шараның 100 жылдығына арналған биылғы ХІ опера күндеріне Қазақстаннан Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы опера театрынан екі әнші қатысты.

Келесі жылы енді

«Қыз Жібек» эпосының 500 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде тойланатын болды. Ұлттық комиссияның бас хатшысы болғанда бұл шаруамен өзім айналысқан едім. Әрине, бұл шара ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде атап өтіліп, оған біздің әртістер барып концерт қоятын шығар. Оны барлық елде көрсетсек жақсы болар еді. Мәселен, келесі жылы Алматыда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының құрылғанына 75 жыл толады. ТҮРКСОЙ-дың ХІІ Опера күндерін келесі жылы осы екі датаға арнауды жоспарлап отырмыз. Біз оны жалғыз Қазақстанның тойы емес, бүкіл түркі халықтарының тойы деп өткіземіз. Ол түркітілдес халықтар ішінде Баку театрынан кейінгі ең үлкен театр. Соны дұрыстап көрсету керек.

Биыл сонымен қатар, алғаш рет мүсіншілердің басын қосып, үлкен жиын өткіздік. Оған сегіз адам қатысты. Жалпы мүсіншілерді жинау өте қиын. Неге десеңіз, суретшілер сияқты емес, оларға жағдай жасау қиын шаруа. Атап айтқанда әрбір мүсіншіге 1 тоннадан мрамор әкеліп, шеберханаларын жабдықтау керек.

Менің ойымша, біздің ендігі жұмыстарымыз бір-бірімізді тануға бағытталуға тиіс. Кеңестік дәуірде оны мәдениет министрлігі мен нақты жазушылар одағы реттеп отыратын. Қазір біз бір-бірімізді аз білеміз. Бұрынғыдай әзірбайжан тілінен қазақша, түркіменше, өзбекшеге аудару деген сияқты байланыстар үзіліп қалды. Соны қайтадан қалпына келтіру керек. Мәселен осы айда түркі мемлекеттерінің жазба ақындары жиналады. Оған Қазақстаннан екі адам қатысқалы отыр. Алдағы уақытта айтыскерлердің де басын қоспақпыз. Айтыс өнерінің үлкен меценаты Амангелді Ермегияев мырзамен сөйлестім. Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының дәстүрлі музыка кафедрасының 20 жылдық тойына Түркиядан өте белгілі ашугты алып келген едім. Оған айтыс туралы көп айттым. Ол Ыстамбұлға барған соң түркітілдес халықтар арасында айтыс ұйымдастырайық деп біздің ұсынымызды қолдап отыр. Оны бір рет Түркияда, бір рет Қазақстанда, бір рет Әзірбайжанда жасайық дедім. Айтыскерлер, ашугтар халықтың ішінен шыққан адамдар ғой олардың бір-бірі түсінетініне ешқандай күмәнім жоқ. Тіпті оның аудармасын, синхронын жасап, тілдерді салыстыруға болады. Оның тілдерімізді байытуға да септігі тиеді деп ойлаймын.

- Дәстүрлі музыка демекші, өнердің осы түрі бойынша қазір симпозиумдар өткізу үрдісі үзіліп қалды. Соны қайта жаңғырту қажет шығар. Бұл пікірге сіз қалай қарайсыз?

- Иә, 1994 жылы Қазақстанда Түркі халықтарының дәстүрлі музыкасын зерттейтін үлкен бір симпозиум өткізген болатынбыз. Кейін бұл үрдіс үзіліп қалды. Енді соны ТҮРКСОЙ арқылы қайта жаңғырту ойымызда бар. Теория мен тәжірибені тоқайластырып, фестиваль, концерт, конференция және шеберлік дәрістері мен семинарлар ұйымдастыратын болсақ, одан көп нәрсе алуға болады. Өйткені, конференциядан соң арнайы кітаптар шығарылып, фестиваль мен концерттер аудио және бейне таспаларға жазылып, өзге елдерге таралады.

- Өзіңіз тілге тиек өткен дәстүрлі өнер өкілдерінің қоғамдағы орны қандай?

- Оны ойлану керек. Қазір атақтардың бәрін алып тастады. Мен кезінде оған да қарсы болғам. Бәрі шетінен еңбек сіңірген қайраткер. Ненің қайраткері белгісіз. Құрылысшыға да, дәрігерге де береді. Сондықтан оның дәмі кетті. Ал мынау дәстүрлі музыка өкілдерінің қазір ешқайсысында ешқандай атақ жоқ. Кезінде жас музыканттарға

«Дарын» жастар сыйлығын бердік. Сәуле, Бекболаттардан кейін оны дәстүрлі музыкадан кім алғанын қазір білмеймін. Қайраткерлікті олар қартайғанда алатын шығар. Таза әртістерден бұл атақты алып тастау дұрыс емес. Алғаннан кейін оны толықтыру керек қой. Бұл қамтамасыз етілмеген. Бұрынғы кеңестік елдер оны алған жоқ. Менің пайымдауымша, атақтан бұрын өнер адамына бірінші жағдай жасау керек. Жағдай жасалса, оларға атақтың керегі жоқ. Ертең дәстүрлі музыканы үйренуге ешкім бармайды. Өйткені концерттік бағдарламалардан ақша тапқан дәстүрлі музыкант өте аз. Ал той деген кәсіби музыканы бұзады. Онда орындаушылар ішіп отырған адамдардың көңілінен шығам деп, не болса соны орындайды. Сондықтан осы атақты қысқартқанда «бұл ертелеу» деп айтқам. Қазір талантты өзгелерден айыру қиын. Егер атағы болса, халық оларды біліп отырады. Бұл өнерге деген көзқарастың көрінісі.

- Шығармашылық пен қайраткерлік жұмыстың қайсысы

жаныңызға жақын?

- Кейбір кездерде қайраткерліктің шығармашылықта пайдасы болады.

Жоғарыда аталған жобалардың бәрі шығармашылық жобалар. Мен оны қайраткер ретінде түсінбесем, терең талдау жасап, бүгін мынау, ертең мынау керек деп, жоспарлап отырмасам ештеңеге үлгере алмас едім. Оны шығармашылық тәжірибеме сүйеніп қана жасай алам. Мәселен, музыкант ретінде дүниежүзінің көптеген шеберлерімен таныстым. Бірге жүрдім, сахнада бірге ойнадым. Олар қазір өз мемлекеттерінде әйгілі адамдар. Олардың басын қосып бірдеңе жасау маған қиындық тудырмайды. Сонымен бірге, шығармашылық жұмыс кейде қайраткерлікке де көмектеседі. Неге десеңіз, бізде көп адамдар бар, сенім білдіріп үлкен қызметтерге тағайындалған. Ертең бұл жұмыстан кеткенде ешкім олардың қай жерде жүргенін сұрамайды, танымайды да. Бастық кезінде сыйлайтын, жағымпазданатын шығар. Менің де үлкен жұмыстан кеткен күндерім болды. Шығармашылықпен айналысам, қоғамдық жұмыспен айналысам деп, кезінде вице-министрліктен де кеткем. Бірақ мен бәрібір сонда істеген жұмысымды басқаша, үкіметтің атынан емес, қоғамның, музыканттардың атынан жасап жүрдім. Сен қайдасың, неге мәжілісте болмадың, іс-сапарда неге болмадың деп ешкім айтпайды. Ешкім жиналыстарға қатыс деп іздемейді. Сондықтан тиісті шығармашылық жұмысқа бөлетін уақытым көбірек болды және осы кезеңдерде түрлі шараларды көбірек жасадым.

Әнеукүні

«Жас Алаштан» бір дөңгелек үстел материалын оқыдым. Өте белгілі сыншылар, анау бар, мынау бар дегендей. Анау неге жоқ, мынау неге жоқ дегендей, көп мәселе айтыпты. Расын айтайын, жақсы ұсыныстар көп. Бірақ соның көбі құр сөз күйінде қалады. Өйткені, қолына қарындаш алып, «керемет ұсыныс екен, келесі жылы министрлікте осыны жоспарлайық, істейік» дейтін ешкім болмайды. Жоғарыға жетпейтін себебі, менің ойымша, мәселе көтерген адамдардың оны жүзеге асыруға күш салмайтындығында. Ұсыныс айттың ба, соны жүзеге асырғанша өз ұстанымыңнан табан тіреп айрылмау керек. Жай өзінің ақылдылығын көрсетіп, мен бұны түсінем, терең зерттегем деп, маңызды жерлерде сөйлеу аз, ол сол жерде айтылған күйінде қалады. Мәселен, бұрын бір сын айтылса, ол бірден бақылауға алынатын. Құзырлы органдар осы іске қатысты адамдарды шақырып, тапсырмалар беріп, одан нәтиже шығаратын.

- Зиялы дегенді сіз қалай түсінесіз?

- Қазір енді біреулер өкпелеп қалуы да мүмкін. Өйткені қоғамда зиялылардың да сөзі өтпейтін боп қалды. Неге десең, кейбірі желдің қай жақтан соғып тұрғанын бірден аңғарғыш. Біреулерге ұнай ма, ұнамай ма деп сөйлейді. Сондықтан олар кейде дұрыс нәрсені айтса да оларға сенім жоқ. Мәселен, бүгін кім басшы болса, соны мақтап, ертең басқа біреу келсе, соның жырын жырлайтындар көп. Әрине, өз сөзінен ешқашан қайтпайтын адамдар да бар. Оларды қоғам да сыйлайды. Бірақ ондай адамдар азайып кетті. Пендешілік көп бізде.

Өз басым кейбір мәселелермен келіспесем, оны бірден айтам, мынадай мәселелермен келіспеймін, мынадай адаммен жұмыс істегім келмейді деп. Бізде ондай жоқ. Ығына жығыла салады. Сосын әрине жұмыс жүрмейді. Өйткені олар өтірік бағынғандай болады, жұмыс істегендей болады. Бірақ түк істемейді. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен дегендей. Сосын қазір бізде біресе мына салада, біресе ана салада істейтін мамандар көбейіп кетті. Мен ондайға келісе алмаймын. Мәселен мен қаншама жыл жұмысымда мәдениеттен кеткем жоқ. Кезінде Ақпарат және мәдениет министрлігін құру кезінде өз пікірім болды. Бұл екі саланы қоспау керек деген. Сол пікірмен қалдым. - Рахмет.

 
Түркітілдес халықтар ұлттық музыкасының фестивалі өтеді
АЛМАТЫ. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат - 2009 жылдың наурыз айында Түркияда түркітілдес халықтардың ұлттық музыкасы фестивалі өтеді. Бұл жайлы Қазақ радиосының бас директоры Жүрсін Ерман бүгін Алматыда өткен Дәстүрлі музыканы қолдау қорының таныстырылымында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аталмыш шараны Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту ұйымымен (ТҮРКСОЙ) бірігіп өткіземіз. Қазір дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз дәстүрлі орындаушылардың тыңдаушысы көп екенін былтыр Парижге барып айтыс өткізген кезде көрдік. Олардың шетелдіктер қатысқан жерде ең сүйкімді, ең сиымды екеніне көзіміз әбден жетті», дейді Жүрсін Ерман.
ТУРКСОЙ-ды Алматыда 1993 жылы шілденің 12-сінде Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Түркия елдері бірігіп құрған болатын. Оның басты мақсаты - түркі тілдес халықтар арасында рухани қарым-қатынасты жаңғырту. Қазіргі таңда оған бақылаушы ретінде Ресей Федерациясының субьектілері саналатын Алтай, Башқұртстан, Татарстан, Тува, Хакас, Якутия және Молдовадағы гагауздар мен Сотүстік Кипр тіркеліп отыр. Ұйымның бас директоры - Дүйсен Қасейінов.
 
Бастан аяқ қазақ тілінде хабар тарататын арна ашу сандық телеарнаны енгізумен байланысты жүзеге асады
АСТАНА. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат  - Бастан аяқ қазақ тілінде хабар тарататын арна ашу сандық телеарнаны енгізумен байланысты жүзеге асады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біраз жылдан бері толық көлемде мемлекеттік тілде хабар тарататын телеарна ашу мәселесі көтеріліп келеді. Бүгінгі күні Қазақстанның аумағына кеңінен таралатын республикалық «Қазақстан» мен «Хабар» секілді екі ұлттық арнамыз бар. Сонымен бірге, «Ел арна» мен «Каспионет» телеарналары әлі күнге дейін жеке таралғаны болмаса «Хабардың» еншілес кәсіпорны болып табылады. Сондықтан да, ашығын айту қажет, кең ауқымда хабар тарататын республикалық екі арнаның біреуін толығымен қазақшаға аударуға әзірше еш мүмкіндік жоқ. Ал, жалпы елімізде таза қазақ тілінде хабар тарататын телеарна сандық телеарнаның дамуымен бірге жүзеге асырылатын болады», деді министр. М. Құл-Мұхаммедтің айтуынша, қазіргі таңда министрлік тарапынан еліміздегі электронды ақпарат құралдарын сандық телеарнаға көшіру туралы бағдарлама әзірленген.
 
<< Başlat < Önceki 11 12 13 14 15 16 Sonraki > Son >>

Sayfa 15 > 16
  TKA 2008